Астанада халықаралық құсбегілік федерациясын құру туралы меморандумға қол қойылды
21 декабря, 2023Құрметті спорт сүйер қауым!
5 февраля, 2024
Туризм дейміз-ау, туризмнің бір шыңы – аңшылық.
Елордада Қазақстан, Моңғолия, Түркия, Қырғызстан және Ресейдің құсбегілері жиылып «Халықаралық құсбегілік федерациясын» құруға келісті.
Ұлтымыздың бекзат өнері – құсбегілік қазақтың әлем этнографиясына қосқан үлкен үлесі деуге болады. Енді әлгі құжаттың пайдасы, бабадан қалған аңшылық кәсіптің тынысын кеңейтіп, құсбегілік өнерді өзге халықтарға паш ете аламыз. Тәжірибе алмасамыз. Құсбегілер жылды қорытындылап, үздіктерін марапаттады. Алдағы жоспарын пысықтады.
Қазақ даласы құсбегілер – мекені. Көк аспанда еркін самғаған қыранды қолға үйретіп, аңшылық кәсіпке баулыған һәм классикалық түрде жетілдірген жұрттың бірі – біздің бабамыз. Қазір осы аңшылық өнерге еуропалықтар аса қызығушылық танытып отыр.
Бағдат Мүптекеқызы, Республикалық құсбегілік федерациясының вице-президенті:
— Ителгіні салуға мына көбінесе арабтар. Өйткені далыбайға ойнатады. Бір кішкентай ғана Голландияның өзінде құсбегілердің 500-ге жуық клубы бар. Олар көбінесе қаршығамен айналысады. Бүркіті өте жақсы көреді, бірақ біздікі сияқты аңға салуды бізден келіп үйренеді.
Кең далада кербестіні ерттеп мініп, қолыңызға қаршығаны қондырып жүрудің өзі – жанға жайлы демалыс. Бұл – бекзадалықтың белгісі. Бабадан қалған өнерді дамыта түсу – ендігі ұрпақтың парызы. Өткен ғасырдың 80-жылдары елде небәрі 15 құсбегі болған екен. Қазір 200-ге жуықтады. Ең үлкені 60-тан асса, кішісі 8 жаста.
Құсбегі Нұғым Қайдарұлы – Мақаншыдан ат терлетіп келгендердің бірі. Қолына қыран қондырғанына жарты ғасыр болыпты.
Нұғым Қайдарұлы, құсбегі:
— Менікі – жеті атадан жалғасқан нәрсе. Мен өзім 16 жасымнан көтердім қызығушылықпен. Содан тастағым келмейді. Жастардың қызығушылығы күшті. Бір кезде жастар қызығып, әйтеуір құс көтерсек болды деген. Енді жарысты ұту жөнінде, бір деңгейге шығару жөнінде ұмтылыс жасап жатыр. Бұл жастарға өте қуыныштымын.
Қазақстан, Моңғолия, Түркия, Қырғызстан және Ресей өкілдері келген жиында «Халықаралық құсбегілік федерациясын» құру туралы меморандумға қол қойылды.
Медеухан Сайполдаұлы, Моңғолия құсбегілер одағның төрағасы:
— Бұл енді қайталанбас құнды мұра өнерімізді дүниеге танытуға үлкен үлесін қосады деп ойлаймын, әрі қарай дамуына. Біздің негізгі мақсатымыз, осы ұлттық өнерімізді дамытып, әрі қарай ұрпақтан ұрпаққа жалғастыру ғой енді.
Жалпы биыл құсбегіліктен елде 2 ел чемпионаты, 5 халықаралық турнир, 2 республикалық жарыс өтті. Федерация сайты ашылып, елдегі құсбегілікті цифрландыру жұмыстары ширап келеді. Бұған қоса ұлт бойындағы ұлық өнер туралы методикалық кітап жарық көрді. Алдағы жылы өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойынына енды қызу дайындық басталады. Жиында жыл үздіктері марапатталып, арнайы сыйлықтар табысталды.
Авторлары: Дарын Сағитов, Артур Горшняков.