Қазақстан Республикасының XIV чемпионаты өз мәресіне жетті
13 февраля, 2023Атырауда құсбегіліктен ересектер арасында XVI Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді
22 февраля, 2023Жетісу облысында жастар арасында «Құсбегілік» ұлттық спорт түрінен Қазақстан Республикасының XIV чемпионаты өз мәресіне жетті. Ең үздік көрсеткіштерге ие болған жеңімпаздар арнайы жүлделермен марапатталды. Жарысты Республикалық құсбегілік федерациясы мен Жетісу облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.
Жастар арасында «Құсбегілік» ұлттық спорт түрінен Қазақстан Республикасының XIV чемпионатында бүркітшілер сайысы бойынша Атырау облысынан келген Иманғали Абдулкәрімұлы жеңімпаз атанды. Екінші орында алматылық Әсет Әділов, ал үшінші орында Серікболсын Жалғасұлы (Жамбыл облысы) мен Диас Күнтуған (Астана қаласы) тұрақтады.
Қаршығаны қолға шақырудан Алматы облысының өкілі Сейітжан Бексұлтан бас жүлдені иеленді. Жүлделі екінші орынға Түркістан облысынан келген Паң Төлемырза ие болса, үшінші орынды елордалық Ерасыл Серікбекұлы мен түркістандық Мұхаммед Намазбай өзара бөлісті.
Ал ителгі салудан Түркістан облысынан келген Мүсәлім Салманға тең келер құсбегі болған жоқ. Жүлделі екінші орында Жамбыл облысының намысын қорғаған Берікболсын Бабажан, ал үшінші орында Паң Төлемырза (Түркістан облысы) мен Ердана Самғат (ШҚО) тұрақтады.
Командалық есепте Түркістан облысының құсбегілері 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль қанжығылап, көш бастады. Атырау және Алматы облысының өкілдері екінші және үшінші орынға жайғасты.
«Құсбегілік ұлттық спорты қазақ тарихында тамыры тереңге тараған еліміздің төл мәдени құндылығы болып саналады. Аталған спорт түрі Астана, Алматы қалаларында және еліміздің басқа да өңірлерінде тұрақты дамып келеді. Біздің мақсатымыз ата дәстүрімізді дәріптеп, сан ғасырдан бері әдет-ғұрпымызға сіңісті болған дара өнерімізді бұқаралық спортқа айналдыру. Әлемдік деңгейге көтеріп, отанымызға саяхаттап келуші туристердің қызығушылығын туғызатындай дәрежеге жеткізу. Сол бағытта жұмыс атқарып жатырмыз және жалғастыра береміз» деп ой түйді Республикалық құсбегілік федерациясының вице-президенті Жанжігіт Омархан.