Атырауда құсбегіліктен ересектер арасында XVI Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді
22 февраля, 2023«Құсбегіліктен» ересектер арасында өткен XVI чемпионатта Қазақстанның үздік бүркітшілері анықталды
27 февраля, 2023Атырау облысы, Жаңаталап ауылында еліміздің дәстүрлі, төл спорты құсбегіліктен ересектер арасында XVI Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Спорттық іс-шара 26 ақпанға дейін жалғасады.
Жарысқа еліміздің 14 облысынан 50-ге жуық спортшы қатысуға ниет білдірген. Чемпионаттың регламенті бойынша 31 бүркіт, 11 қаршыға, 10 ителгі бәсекеге түсті. Чемпионатқа қатысуға Алматы, Ақмола, Қарағанды, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Маңғыстау, Павлодар, Атырау, Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарының, сондай-ақ Астана қаласының спортшылары ниет білдірген.
Осылайша Чемпионаттың алғашқы күні «Қолға қондыру» сайысының қорытындысы бойынша 18 бүркіт келесі айналымға өтті. Қатысушылардың айтуынша, құстардың көрсеткен нәтижелеріне өңірде орын алған ауа-райы да өз әсерін тигізген. Айта кетерлігі, чемпионаттың ережесіне сәйкес тікелей иесінің қолына қонған бүркіт қана максималды 10 ұпайды еншілейді. Осы ретте ауа райының қолайсыздығын ескере отырып, қазылар алқасының шешімі бойынша 9 ұпайды еншілеген қатысушылар да келесі айналымға өтті. Ал «Шырғаға салу» сайысында 18 бүркіт екінші кезеңге өтті. Атап айтқанда, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Абай, Қарағанды, Атырау облыстары мен Астана қаласының спортшылары жартылай финалға жолдама алды. Жарыстың екінші күні, яғни бүгін құстар «Қоянға салу» сайысында бәсекеге түсетін болады.
Чемпионат ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, республикалық құсбегілік федерациясы мен Атырау облыстық әкімдігінің ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Осы ретте аталған ұлттық спорт түрінің дамуына жанашырлық танытып, қолдау көрсеткен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, ҚР Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті, Спортты қолдау қоры, Assyltas қоғамдық қоры, Beles және KBS құрылыс компаниялары өкілдерінің қосқан үлестерін де атап өткен жөн.