Құсбегілік өнер – күллі қазаққа ортақ қазына
20 марта, 2024Қыран құстың жабдықтары: Томаға
8 апреля, 2024Республикалық «Құсбегілік» федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызының Facebook парақшасынан:
«Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек… Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі- қазақтың төресі сол»,- деген, қазақтың ардақтысы ұлы Абай.
Жетпіс жыл өз тамырынан үзіліп қалған ұлттық құндылықтарымыздың бірі де бірегейі Құсбегілік қайта жаңғырған сонау сексенінші жылдары бүкіл республика бойынша жиырмаға жетпейтін бүркітшілердің қолдарына қондырған құстарына қажетті құрал-жабдық жасайтын шеберлер жоқтың қасы еді.
Қазақтың қолөнерінің қадырін ұғынып, құнттап жинап жүретін ғалым, суретші, қолөнер шебері, ұстаз, марқұм Дәркембай Шоқпарұлы Алматының сыртында, сонау “Ақши” ауылынан өз шеберханасын ашып, мұражайының негізін қалап еді. Ауылдан Алматыға қатынап жүріп, қолына қалам мен қарындаш ұстаған бірталай қазақ баласын қолөнерге баулып, Жүргенов атындағы көркемөнер академиясында сапалы маман етіп шығарды. Солардың қатарында бүгінде айтулы “Әдемі ай” компаниясында дизайнер Дархан Ерболұлы мен өзінің “Ою” атты жеке компаниясын ашқан Ұлан Еренжанұлы Мүптекеевтер Дәркембай ағаның жетекшілігімен тұңғыш рет Қыран құстарға арналған құрал-жабдықтардың үлгісін жасап, жыл сайын айбалта мен күнделікті тұрмыстағы заттарды жасап, диплом қорғап жүргендердің бағытын өзгертіп, керемет жаңалық жасап еді -ау!..
Өткен күннің белгісіндей, жақсының аты, жақсы ісі шәкірттерінің арқасында жаңғырып келеді. Сол кездері “Сөгеті” ауылындағы оншақты бүркітшіге марқұм Сейітжан аға ғана құстың көзін қажамайтын, тұғырда ұзақ отыратындықтан, ыңғайлы, әрі қарапайым томағаны бір-екі сағаттың ішінде тігіп бере салатын. Бүгінде республиканың барлық жерінде дерлік бабадан қалған асыл мұраны жалғастырып жүрген жастардың қатары көбейді. Сол Сейітжан ағаның Бауыржаны тігетін томағаны атыраулық Әбдікәрім мен Арман баласы, астаналық Күнтуғанның Арманбегі, маңғыстаулық “Отпантаудың оғланы” Айшуақ, кереулік Бекболат, енді міне, ұлытаулық Аманның Қуанышы өзіндік нақышымен, көркем етіп тігіп жүр.
Есіме кезінде Біржан салдың “Алтын балдақ” өлеңі түсті. Қазақ қандай ерекше, текті болған десеңізші!