
Шығыс Қазақстанда халықаралық «Шығыс Салбурыны – 2025» фестивалі өтуде
8 октября, 202511 қазан күні Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданының Бозанбай ауылында, Бүркіт төбенің етегінде өткен «Шығыс Салбурыны – 2025» халықаралық фестивалі өз мәресіне жетті. Үш күнге созылған ауқымды шара ұлттық өнер мен дәстүрлі спорт түрлерін дәріптеуге, этнотуризмді дамытуға және халықтар арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Фестивальге жеті елден – Қазақстан, Ресей, Мажарстан, Испания, Моңғолия, Қырғызстан және Қытайдан келген, сондай-ақ еліміздің 10 облысы мен екі қаласынан (Атырау, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Абай, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары және Астана мен Алматы қалалары) үздік құсбегілер қатысты.
8 қазан күні фестивальдің алғашқы кезеңі – мандаттық комиссияның отырысы өтіп, қатысушылар мен қыран құстардың ресми тіркеуі жүргізілді. Нәтижесінде 81 бүркіт, 14 ителгі және 11 қаршыға жарысқа қатысуға рұқсат алды.
Алғашқы жарыс күні – 9 қазан күні басталып, бүркітті қолға шақыру, шырғаға салу, сондай-ақ ителгі мен қаршығаны қолға шақырып, кептерге салу сайыстары ұйымдастырылды. Қатысушылардың ептілігі мен қыран құстарының шеберлігі жоғары деңгейде бағаланды.
10–11 қазан күндері жарыстың жартылай финалы мен ақтық сын өтті. Финалдық кезеңде қыран құстардың ұшқырлығы мен иелерінің тәжірибесі сынға түсіп, сайыс нәтижесінде үздік құсбегілер анықталды.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар:
Бүркіт құсын салудан:
1 орын — Баетбай Өмірхан (Алматы облысы)
2 орын — Бабажан Берікболсын (Жамбыл облысы)
3 орын — Ерғазыұлы Сәлімхан (Жетісу облысы)
3 орын — Матей Арман (Қарағанды облысы)
Қаршыға құсын салудан:
1 орын — Баетбай Өмірхан (Алматы облысы)
2 орын — Бабажан Берікболсын (Жамбыл облысы)
3 орын — Сейтжан Бексұлтан (Алматы облысы)
3 орын — Даниярқызы Аяжан (Алматы қаласы)
Ителгі құсын салудан:
1 орын — Кенжетаев Ерлан (Ақмола облысы)
2 орын — Иманзайып Ермек (Павлодар облысы)
3 орын — Есентаев Сұлтансері (Алматы қаласы)
3 орын — Далайханұлы Алпамыс (Моңғолия)
Жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.
Фестиваль бағдарламасы ұлттық спорт түрлерінен бөлек, этномәдени іс-шаралармен толықты. Этноалаңда 30-дан астам киіз үйден құралған этноауыл тігілді. Көрермендер тазы жарысын, жамбы ату, садақ ату, теңге ілу және асау үйрету сайыстарын тамашалап, қазақ халқының бай дәстүрі мен рухани мұрасымен жақынырақ танысты.
Айта кетейік, фестивальдің өтуіне Республикалық Құсбегілік Федерациясының Бас серіктесі – «Самұрық Қазына» ҰӘҚ» АҚ, сондай-ақ ҚР Туризм және спорт министрлігі, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ атсалысты.