Ұлттық спорт – адам ағзасын дамытып қана қоймай, оның тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді
29 апреля, 2024Қазақстанда ұлттық спорт туралы заң жобасы әзірленеді
6 мая, 2024Құмай жүгіртіп, құс салу — ата-бабамыздан аманат болып қалған асыл өнер. Аушы құстарды баулуды жанына серік еткен қазақ құсбегілері оған қажетті жабдықтарды да өздері дайындап алған. Дана бабаларымыз ұрпағына құс баптаудың қыр-сырымен бірге оған қажетті құрал-жабдықтарды жасауды да үйретіп отырған. Осы орайда көзі қарақты оқырмандарымызға құс баптауға қажетті құрал-жабдықтарды жүйелі түрде таныстырып шығуды жөн көрдік.
Тұғыр. Бүркіттің күтіміне арналған отыратын құрылғы. Биіктігі құс отырғанда шалғысы жерге тимейтіндей мөлшерде, шамамен 1,5-2 қарыс (30-40 см), сирақтары жан-жаққа талтайыңқы келген жуандығы бір білем 3-4 сирағы бар ағаштан жасалған «орындық». Ұсақ құстардікі әрине бұдан көп аласа, құс отырғанда шалғылығы жерге тимейтіндей ғана болады. Үстінде құс отыратын 25х10 см үстіңгі текше табаны, немесе бір білемдей құсқонары болады. Текше табанды тұғырдың бүркіттің тұяғы білемдей ұстап, таймай отыратын кемері бар. Құс отыратын «құс басар» аталатын бөлігінің киізбен қапталуы құс тұяғын мүжілуден сақтайды.
Қарағай, терек, самырсын сияқты ағаштардың үш ашалы бұтағынан немесе тамырлы түбірінен шауып жасалған тұғыр табиғи әрі берік. Тұғырдың кәдімгі бала орындығы тәрізді етіп арнайы қашап, сүргілеп дайындалғандары және таутекенің мүйізінен үш аяқты етіп, жиналып-құралатын түрлері бар. Ауқат дәрежесіне сай құсбегілер тұғырды «алтынмен аптап, күміспен күптеп» сирағына құйма көз орнатып, сәндетіп дайындатады. Тіптен қасқыр, түлкі бейнесінде жасалған тұғырлар бүркітті алғыр етеді деп сенген.
Өзіне сай жайлы, орнықты тұғырда бүркіт құйрығын, шалғылығын жерге тіреп сыйдырмайды, керісінше, мойнын қайырып отырып, екі аяғын кезекпен ішіне тартып көтеріп, сыңар аяқпен ұйықтайды. Еркін тыныстап, денесі сергек отыруын қамтамасыз етеді. Тұғыр үйдің оң жақ босағасына қойылады, әрі қастерленіп, мұрагерлікке қалдырылатын қасиетті бұйым есебінде жүреді.
Тұғырға басқа табиғи заттарды – шым, тас, саз пайдаланады: шым құс тұяғының өсіп-жетілуін, тас өткірленуін, саз құс денесін салқындатуын қамтамасыз етеді.
Қартайған қыран құстардың аң-құсқа түсер қауқары болса, «Әлі тұғырдан тайған жоқ» деуінің сыры, қыран құстар баршын тартып, әбден қартайғанда тұғырда отырып қалғып кетіп, құлап қалатындығына байланысты…
Б. Хинаят, Қ.М. Исабековтің «Саятшылық қазақтың дәстүрлі аңшылығы» атты кітабынынан
Дереккөз: massaget.kz