Құсбегілер Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қызу дайындық үстінде
27 августа, 2024Құсбегіліктен ұлттық құрама сапында 9 спортшы бар
30 августа, 20245-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында Республикалық Құсбегілік федерациясының Президенті Берік Уәли ұлттық құрама спортшыларының қатысуымен жиналыс өткізді. Басқосуда жаһандық додада еліміздің намысын қорғайтын құсбегілердің дайындығы пысықталды
Елордада өткен жиынға Құсбегілік федерациясының президенті Берік Уәли, вице-президенттер – Жанжігіт Омархан мен Бағдат Мүптекеқызы, сондай-ақ атқарушы директор Базарбек Кунтуған және құсбегі спортшылар қатысты.
Күн тәртібіндегі басты мәселе – 8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Құсбегілік сайысы бойынша бақ сынайтын ұлттық құраманың дайындығы. Байрақты бәсекеде Қазақстанның намысын құсбегіліктен тоғыз спортшы қорғайды. Олар, бүркіт құсы бойынша – Серікбек Кунтуган, Ерзат Байкадамов, Арман Кушкаров, қаршыға құсы бойынша – Дәурен Аршабай, Бағдат Кеуенов, Құдайберген Рауилұлы және ителгі құсы бойынша – Ерлан Кенжетаев, Бақдәулет Бабажан, Ибрагим Базарбаев.
Жоғарыда аты аталған тоғыз азамат ел ішіндегі чемпионаттарымызда құстары қанатына жүлде байлап, жүзден жүйрік шыққан үздіктер. Жыл басынан бері ұлттық құрама сапындағы құсбегілер үшін Алматы қаласы мен Ақмола облысында екі оқу-жаттығу жиыны өткен болатын. Үшініші оқу-жаттығу жиыны Астана қаласында 27 тамыздан 7 қыркүйекке дейін жалғасады. Қазақстандық спортшылардың Көшпенділер ойындарына дайындығы федерация президентінің жеке бақылауында.
«Еліміздің төрінде төрткүл дүние көз тіккен үлкен шара өткелі жатыр. Осы дүбірлі додада ел туын сеніп тапсырған спортшыларымызға федерация атынан сәттілік тілеймін. Шапқан аттың тұяғы, ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр даланың иесін, қыран баптап, құс салған бегзада өнердің киесін танытатын сәтте аянып қалмайық. Мемлекет басшымыздан бастап бүкіл ел бізге сенім артып отыр» — деді «Құсбегілік» федерациясының Президенті.
Сонымен қатар, Берік Уәлидің төрағалығымен өткен жиында медальдік міндеттемелер мен қосымша сыйақы мөлшері жарияланды.
Белгілі болғандай, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары дирекциясының атынан жеке спорт түрлерінде жеңімпаздар – бірінші орын үшін 500 мың теңге, екінші орын иеленгендер – 300 мың теңге, қола жүлдегер – 200 мың теңгеден алады. Бұдан бөлек, дүбірлі додада құсбегіліктен Қазақстан қоржынына медаль салған ұлттық құрама мүшелеріне Федерация президентінің атынан арнайы сыйақы берілетіні айтылды. Яғни, бірінші орын үшін – 1 000 000 теңге, 2-орынға – 500 000 теңге, 3-орынға – 300 000 теңге бәйге тігіліп отыр.
Естеріңізге сала кетсек, «Құсбегілік» спорт түрінен жарыс қыркүйектің 12-13 күндері Астананың этноауыл аумағында өтеді.
Айта кетейік, «Құсбегілік» Федерациясы» РҚБ-нің Бас серіктесі – «Самұрық Қазына» ҰӘҚ» АҚ, серіктесі – «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ