
Ақмола облысында құсбегіліктен халықаралық турнир өтеді
22 октября, 2025Ақмола облысында ұлттық өнер мен дәстүрлі спорт түрлерін дәріптеуге арналған Мәсіп Батырханұлы атындағы халықаралық құсбегілік турнир өз бастауын алды
23–26 қазан күндері өтетін бұл ауқымды дода қарсаңында бүгін жарыстың алғашқы кезеңі – мандаттық комиссияның отырысы ұйымдастырылып, қатысушылар мен қыран құстар ресми тіркеуден өтті.
Комиссия жұмысының нәтижесінде биылғы турнирге төрт мемлекеттен — Қазақстан, Ресей, Моңғолия және Қытайдан келген үздік құсбегілер қатысатыны нақтыланды. Сонымен қатар еліміздің тоғыз облысы мен Астана және Алматы қалаларынан келген қатысушылар ұлттық өнерді ұлықтау мақсатында бас қосты.
Жалпы турнирге 82 қыран құс тіркелді, оның ішінде 53 бүркіт, 17 қаршыға және 12 ителгі бар. Әрбір құс пен оның иесі арнайы тексерістен өтіп, жарыс талаптарына сәйкестігі расталды. Бұл рәсім – турнирдің әділ әрі жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз ететін маңызды кезең болып саналады.
Мәсіп Батырханұлы атындағы халықаралық турнир – ұлттық мұраны жаңғыртуға, дәстүрлі өнерді кеңінен насихаттауға және құсбегілер арасындағы бауырластық байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды оқиға.
Турнирдің ресми ашылу салтанаты ертең, 24 қазан күні сағат 11:00-де өтеді. Алғашқы жарыс күнінде қыран бүркіт, ителгі мен қаршығалардың шеберліктері сынға түсіп, қатысушылар бапкерлік тәжірибесін паш етпек.
Айта кетейік, бұл турнирдің өтуіне «Құсбегілік» Федерациясы» РҚБ-нің Бас серіктесі – ҚР Туризм және спорт министрлігі, Ақмола облысының әкімдігі және «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ атсалысуда





