Құсбегіліктен өтетін сайысқа 10 елден 42 спортшы қатысады
11 сентября, 2024«Көшпенділер әлемі» этноауылында «Құсбегілік» бойынша жарыс басталды
12 сентября, 2024Төрткүл дүниені дүбірлеткен әлемнің 89 мемлекетінен 21 спорт түрінен бірнеше күн бойы Астанада өтіп жатқан 5-Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында алда келе жатқан еліміздің спортшыларының әрбір жетістігі жылдар бойы төккен тердің төлеуі екені анық.Бір айдан бері Көкшетауда басталып, Астанада жалғасқан Ұлттық спорттың айтулы түрі «Құсбегілік» бойынша Қазақстанның құрама командасының соңғы оқу-жаттығу жиыны бүгінде жарысқа ұласты. Ертең басталатын құс салудың үш түрі: бүркіт, сұңқар, қаршыға салудағы іріктеу, жартылай финал, ақтық жарыстың сапалы, әрі әділ өтуі төрешілердің білімі мен біліктілігіне тікелей байланысты. Сол себептен, «Республикалық Құсбегілік Федерациясының» мамандары өткізген сабақта, еліміздің және шетелдік төрешілерге бесінші рет өткізіліп отырған Көшпенділер ойындарына биыл тұңғыш рет енгізілген «Құсбегілік» Ұлттық спорт түрі бойынша халықаралық талаптарға сай жасалған ережені кеңінен түсіндіріп өтті.Сондай-ақ, жарысты өткізудің талаптары мен тәртібі туралы жан-жақты мағлұмат бере отырып, бас төреші Марат Молдашұлы мен бас хатшы жарыс өтетін алаңда тәжірибелік сабақ та өткізді. Басқосуға қатысқан шетелдік команда мүшелері өздерін толғандырған сұрақтар төңірегінде қанағаттанарлық жауап алды. Бұл салада тәжірибесі мол, жылдар бойы қалыптасқан ереже бойынша түрлі жарыстар өткізіп келе жатқан Федерацияның жұмысына шетелдіктер қызығушылықтарын білдіріп, алдағы уақытта тығыз әріптестік қатынас орнатуға ынталы екендіктерін де атап өтті.Кешке қарай «Республикалық Құсбегілік Федерациясының» президенті Берік Уәлидің қатысуымен өткен жиында да айтулы тарихи оқиғаның маңыздылығы жөнінде еркін әңгіме, пікір алмасу болды. Бабалар мұрасын сақтап, жас ұрпаққа насихаттай отырып, Халықаралық деңгейге көтерудің жай-жапсары туралы айтылды. Кездесу соңында әлемдік ойынның өз деңгейінде өтуіне жауапты мамандардың теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруларына үлкен сенім арта отырып, Берік Уәли жарысқа жауапты төрешілерге халықаралық үлгідегі Сертификатты табыс етті.«Ер абыройы-елдің абыройы», бір жылдан бері жалғасып келе жатқан бірнеше кезеңге бөлінген оқу-жаттығу жиындарын жақсы нәтижемен жалғастырып келесіңдер, міне, бір айдан бері отбасыларыңнан алыста әр жерде әлемдік додаға тыңғылықты дайындалып, жақсы нәтижеге жету жолында аянбай тер төгіп келесіңдер. Қашанда жеңісті күндер тек, жанкешті еңбекпен келеді. Төккен тер, еселі еңбектеріңнің төлеуі қайтып, ел абыройын биікке көтере беріңдер» деген Федерация басшысы Берік Уәли бауырымыз команда мүшелеріне ізгі тілегін білдірді.
Атап өтсек, тіркеуден жалпы 10 мемлекеттен (Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Моңғолия, Испания, Канада, Мажарстан, Қытай, Грузия, Түркия) 42 қатысушы өтті. Олар құстың 3 түрі бойынша жарысқа түседі: бүркіт құсы бойынша – 18 спортшы, қаршыға бойынша – 12 спортшы, ителгі бойынша – 12 спортшы.
Байрақты бәсекеде елімізді республикалық чемпионаттардың жүлдегерлері, халықаралық турнирлердің жеңімпаздары атанған 9 үздік құсбегі таныстырады. Олар, бүркіт құсы бойынша – Серікбек Кунтуган, Ерзат Байкадамов, Арман Кушкаров, қаршыға құсы бойынша – Дәурен Аршабай, Бағдат Кеуенов, Құдайберген Рауилұлы және ителгі құсы бойынша – Ерлан Кенжетаев, Бақдәулет Бабажан, Ибрагим Базарбаев.
Айта кетейік, «Құсбегілік» Федерациясы» РҚБ-нің Бас серіктесі – «Самұрық Қазына» ҰӘҚ» АҚ, серіктесі – «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ
Жарыстың ашылу салтанаты: 12 қыркүйек, сағат – 10.00
Жарыстың өтетін орны: Астана қаласы, Этноауыл аумағы